"ОҢАЙ ОЛЖА"
Қырғызстан астанасы Бішкекте Ресейде жалақы жоғары жұмыс табу туралы ұсыныс кездестіру қиын емес.
Қалада ілінген хабарландырулар жұмыс іздегендерге "аптасына 1000 доллар табуға мүмкіндік бар" деп уәде етеді – мұндай ақша Бішкек тұрғындарының көпшілігі бір айда табатын табыстан екі есе көп. Және хабарландыруда "күніне үш-төрт сағат қана жұмыс істейсің, Ресейге дейінгі жол ақысы мен ол жақтағы жатын орын шығынын жұмыс беруші өтейді" деп көрсетілген.
"Мигрант Медиа" тілшісі хабарландыруда көрсетілген Telegram мессенджеріндегі аккаунтқа хабарласып көрген еді, одан жұмыс шынымен де заңсыз есірткі тасумен байланысты екенін растаған жауап келді.
Қырғызстан азаматтарының көбі аса қауіпті екеніне қарамастан, тәуекелге бел буып, әлгіндей ұсыныстарға келісіп жатады. Ресейде есірткі тасыды деген айыппен тұтылғандарға 20 жылдан бастап өмір бойына дейін түрме жазасы қарастырылған.
– Есірткі тасымалдаушының "дәурені" ұзаққа бармайды – ең жақсы дегенде екі-ақ апта, – деді Мигрант Медиаға берген сұхбатында иммиграция бойынша заңгер Мирлан Токтобеков. – Ресейде Қырғызстан азаматтары жасайтын барлық қылмыстардың ішінде ең көбі есірткімен байланысты. Жақында бір сот процесіне қатыстым: 1998 жылы туған Қырғызстан азаматы жай ғана сәлемдеме жеткізгені үшін 15 жылға бостандығынан айырылды.
Кей жағдайда осы қылмыстық жүйенің басы-қасында жүргендер өзі жұмысқа жалдаған тасымалдаушыны кейін күштік құрылымдарға ұстатып, әлгіден құтылады.
– [Тасымалдаушыға] ақша төлейтін мерзім келгенде, осы істі ұйымдастырып отырғандар ол адамды полицияға ұстатып жібереді, – деп түсіндірді Токтобеков.
Ондайда Ресейдегі есірткі сатушылардың шырмауына түскен шетел азаматтары өзін қорғау мүмкіндігінен айырылып, өте қиын жағдайда қалады.
– [Ресейде] біздің азаматтардың құқықтары өте әлсіз қорғалған, – деді Токтобеков. – Оларға қосымша айып тағу өте оңай. Орталық Азиядан шыққан адамдар – мұндай схемалар үшін оңай олжа.
Қырғызстанның ішкі істер министрлігі қырғыз азаматтарын Ресейдегі қылмыстық іс-әрекеттерге тартуды ұйымдастыратындарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
САЛДАРЫ ТҮРМЕГЕ ҚАМАУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
Қырғызстан ІІМ-не қарасты Есірткі айналымын бақылау қызметінің өкілі Каныбек Үсенов тергеу амалдары Ресеймен және Орталық Азиядағы өзге елдерімен бірлесіп жүргізіліп жатқанын айтты. Кейінгі операциялардың бірінде Қырғызстан билігі есірткі сатумен айналысатын интернет-сайтты жауып, үш күдіктіні: Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей азаматтарын ұстаған.
– Іс-әрекеттің бәрі онлайн жасалатындықтан, [есірткі сатушылардың] нақты қай жерде екенін анықтау өте қиын, – деді Үсенов. Ал "табысы мол жұмыс" туралы хабарландыруларға келсек, "ондай хабарландыру таратумен өз азаматтарымыз айналысады" деді ол.
Ресейде есірткі саудасына қатысты іс-әрекет жасап тұтылып, айып тағылған шетел азаматтары үшін оның салдары түрмеге қамалумен шектелмеуі мүмкін.
Ресейдің федералды қылмыстық-атқару қызметі басшысының мәліметінше, қазіргі кезде Ресей түрмелерінде 30 мыңнан астам шетел азаматы отыр. Олардың шамамен 70 пайызы – Орталық Азия елдерінен шыққан.
Ресей билігі түрмеде отырған адамдарды көбіне келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп, жалдамалы ретінде Украинадағы соғысқа салады.
Украиналық "Хочу жить" деп аталатын жобаның деректеріне сәйкес, қазір Орталық Азия елдерінен шыққан 3 мыңнан астам азамат Ресей әскері құрамында Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатыр.